2025 жылдың 26–28 мамыры аралығында Орал қаласында алғаш рет компанияның Директорлар кеңесінің көшпелі отырысы, сонымен қатар профильді комитеттердің отырысы өтті. Іс-шараны «Урал Ойл энд Газ» ЖШС ұйымдастырды.
Директорлар кеңесінің отырысына «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Бекзат Қалышпекұлы Абайылданов төрағалық етті.
Үш күн ішінде акционерлер, компания басшылығы және негізгі құрылымдық бөлімшелердің өкілдері өндірістік, коммерциялық және стратегиялық сипаттағы кең ауқымды мәселелерді талқылады. Күн тәртібінде өндірістік операциялар, жобаның 2-фазасын іске асыру, бюджеттеу, сатып алу қызметі және корпоративтік цифрлық стратегияны дамыту секілді негізгі бағыттар қамтылды.
Отырыстар барысында өткен кезеңнің қорытындылары шығарылып, EPС келісімшарты бойынша жұмыстардың орындалу барысы туралы есептер тыңдалды. Ұңғымалар тұтастығын басқару жүйесінің аудиті мен өндіруді ұлғайту бастамаларын дамыту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ шығындарды оңтайландыру, кешенді ТЭН қызметтері бойынша тендерлік рәсімдерді іске қосу және ұңғымаларды консервациядан шығару мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қаралған маңызды құжаттардың қатарында: жобаның жарғысы мен шеңберлік құжаты, 2-кезең бойынша интеграциялық жол картасы, сондай-ақ 2-фазаны (1-кезең) игеру бойынша Жұмыс жоспарының жобасы болды. Директорлар кеңесінің күн тәртібіне коммерциялық мәселелер, конденсатты экспортқа өткізу бойынша маркетингтік стратегия, Жұмыс бағдарламасын өзектендіру және жаңа шешімдерді ескере отырып, бюджетті қайта қарау мәселелері енгізілді.
Іс-шара сындарлы диалог түрінде өтіп, барлық қатысушылардың жоғары деңгейдегі белсенділігі мен өзара іс-қимылын көрсетті. Директорлар кеңесінің Орал қаласында өтуі компанияның корпоративтік өміріндегі маңызды оқиғаға айналып, Рожковское кен орнын әрі қарай дамыту жолындағы өңірдің стратегиялық маңызын айқындай түсті.