2025 жылғы 23 мамырда Орал қаласында «Урал Ойл энд Газ» ЖШС басшылығының, мердігер ұйымның және «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ өкілдерінің қатысуымен көшпелі кеңес өтті. Отырысты «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Б.Қ. Абайылданов ашты.
Кеңестің күн тәртібінде «Рожковское» кен орнындағы EPCC жобасының жүзеге асырылу барысы қарастырылды. Қатысушыларға құрылыс-монтаждау жұмыстарының жай-күйі, жобаның жекелеген кезеңдерінің дайындығы және биылғы жылы жұмыстарды аяқтау жоспары жөнінде ақпарат берілді.
Кеңесте шарттық міндеттемелердің орындалуы, келісімшарт талаптарын нақтылау қажеттілігі және қаржылық ашықтық механизмдері секілді мәселелерге ерекше назар аударылды. Мердігер ұйым өкілдері жобаның негізгі кезеңдерін аяқтау үшін қосымша қаржыландырудың қажеттілігіне тоқтала отырып, келісімшарт талаптарын қайта қарау жөніндегі өзекті ұсыныстарын ортаға салды.
Тараптар сатып алу құжаттамасының толық ашықтығын көздейтін Open Book моделі аясында шығындарды келісу тәсілдерін талқылады. Сонымен қатар жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу мен сараптауға қатысты мәселелер қозғалып, жұмыс құнын оңтайландыру жолдары қарастырылды.
Кеңес қорытындысы бойынша аналитикалық материалдарды әзірлейтін жұмыс тобын құру және мердігердің нақты ұсыныстары бойынша қосымша келіссөздер жүргізу туралы шешім қабылданды.
Кеңес сындарлы сипатта өтіп, тараптардың өндірістік мақсаттарға қол жеткізуде ашықтық пен тиімділік қағидаттарын ұстануға дайын екендігін көрсетті.